Описание
Намаз – әр мұсылманның жүрегімен, денесімен өтелетін үлкен міндеті, дініміздің діңгегі және ғибадаттардың ең ұлысы. Ұлық пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің хадисінде: «Кімде-кім намаз оқыса, шын ниетпен оқысын. Намаз оқу үстінде шаршап қалса немесе ерінсе, отырсын», – деген.
Бес уақыт намаз хижраттан бір жарым жыл бұрын Меккеде парыз етілген. Намаз Алла тағаланың бізге берген сансыз нығметтеріне шүкіршілік үшін өтейтін құлшылық борышымыз. Сондықтан, ер жеткен, ақылы дұрыс әр мұсылман үшін күніне бес уақыт намаз оқу парыз. Бұның парқын түсініп, намаз оқыған адам Алланың әмірін орындаған, борышын өтеген болады. Сөйтіп Алла тағаланың ризалығына бөленеді және ақырет бақытына ие болады.
Намаздың бірнеше түрі бар.
Біріншісі, парыз намаздар:
1) Алланың әмірімен әр мұсылманның мойнына міндетті борыш болып бекітілген күн сайынғы бес уақыт намаз бен жұма намазы.
2) Өзге мұсылмандардың өтеуімен мойыннан түсетін намаздар (жаназа намазы сияқты).
Екінші, уәжіп намаздар: үтір намазы, екі айт намазы, нәзір намазы, тауап және бұзылған нәпіл намаздары.
Үшінші, нәпіл намаздар: парыз және уәжіп намаздардан бөлек, артық оқылатын намаздар.
Адам өмірінде әр шаруаның белгілі бір жүйелі тәртібі болатыны секілді, парыз намаздардың да оқылуы үшін белгіленген мерзімдері бар. Шариғат бойынша, бір тәулікте бес намаз уақыты белгіленсе, оның әрқайсы өз мезгілінде оқылуы шарт.
Бес уақыт намаздың аттарына келсек, олар: таң, бесін, екінті (намаздыгер), ақшам және құптан намаздары деп аталады.